Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  99


Автор: Аманхан Əлімұлы

Шығар, мына, тірлікті күндегені...

Шығар, мына, тірлікті күндегені –
Құлағыма құрдымнан үн келеді.
Ұйқым қашып, кетеді санам саққа,
Алып бала – Алматы түнді емеді.
Соққылайды əйнекті күз нөсері,
Арасында ой-құсым із кеседі.
Неон шамның сəулесі дірілдеген,
Дірілдеген жаңбырмен жүздеседі.
Үнсіз саған телміріп қараңғылық,
Қылығыма құлықсыз алам күліп.
Көше кезіп кететін осындайда,
Отырғанын сеземін шарам құрып.
Қиян кезіп, қиялым, шарықтама,
Тиген оқыс бұл деген шалық қана.
Тарқатылған бұрымы аспан-қызды,
Бауырына тартады алып қала.
Кірпігімнен кіртиген ұйқы алады,
Мені біраз жалғыздық ұйпалады.
Ұйқысыз үй жарығы қармар таңды,
Түннің бітіп түбінде күй табағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу