Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  120


Автор: Аманхан Əлімұлы

Қарт

Қауырсынсыз құстай-ақ шарқ ұрды бау,
Қыстағы сымдай, жүйке, тартылдың-ау.
Қадалған қарашаға көзін сүзіп,
Сүйенген кетпеніне қартың мынау.
Қалайша қатқыл шақты оңай көрсін,
Көңілін жел көтерген тоғай дерсің.
Ұзатқан құс тізбегін күзге налып,
Дейді іштей: «Қызығымды тонай берсін...»
Жыртылған қара жердей қас-қабағы,
Қарауға алысқа ұзақ жасқанады.
Жанары тұманданып суланғанда,
Еріксіз кірпігінен жас тамады.
Бір жанып, енді бірде жанбай бағы,
Тірліктің қазанында сан қайнады.
Басталған анасының құрсағынан,
Өмір-бал кетпей тұрған таңдайдағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу