Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  137


Автор: Аманхан Əлімұлы

Қабір басындағы жыр

Тұрған кезде кілкіме шер жеп жанды,
Жел де айтпайды мұң басты ермекке əнді, –
Қабірінде өсетін жылда анамның,
Ұнатамын жусанды кермек дəмді.
Үнсіз қабір, жел үні саз-ау бөтен,
Көңілсіз күзге қалай жаз ауды екен?
Төбемде төңкерілген көкті керіп,
Түстікке кеш түзеген қаз-ау, көкем.
Күн батты көкжиекке ұятты алып,
Сыңсиды суық шалған қияқ талып.
Теңселіп баяу ғана тұр селеу де,
Менің мастау көлеңкем сияқтанып.
Қарабарқын аспанға қарап тұрып,
Ішкім келіп кетеді арақты ұрып.
Оратылған аяққа шелек басты,
Көрсетеді көпек ит барақ қылық.
Сөзің болса ағайын айт уəлі,
Ерте маған қалаға қайту əлі.
Қабір жақтан ауылдың шетіндегі,
Иманға тəн ұзамай Ай туады.
Алдырмайтын тереңін құрдым жалған,
Жұртындайсың жел жеді қырдың қалған.
Күздің күнгі жапырақ сияқтанып,
Мен де ілініп тірлікке тұрмын, қарғам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу