Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  169


Автор: Аманхан Əлімұлы

Аш қасқырдай сезінген андыздарын...

Аш қасқырдай сезінген андыздарын,
Қатқыл тағдыр жанымда қалды ызғарың.
Отан, қазақ, сонан соң қыз қазасы,
Алар ма екем көтере жалғыз-жарым.
Өмірімді өлшеме өтер менің,
Алла білер қашанға жетер демім.
Ел-жұрт жəне отбасы болмаса егер,
БОМЖ болып өлгенше өтер ме едім.
Болмағасын оң ісің елге өтімді,
Жасырасың ей, Ажал, келбетіңді.
Жатамын да қоямын құлақ түріп,
Ызыңдаған масадай желге түнгі.
Асықпайды өтуге еріншек күн,
Қыз кезіндей, мысалы, келіншектің.
Тұратын жері бар да тұрағы жоқ,
Көңілім күйін кешкен келімсектің.
Кеудемнің шыққан желең тоңды-ай демі,
Сеземін уақыттың қонбайды емі.
Ақыры бір келетін айттырмастан,
Ажалдың тынысы да сондай ма еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу