Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  101


Автор: Аманхан Əлімұлы

Еңсемді жүрсе де, өмір, басып қайғың...

Еңсемді жүрсе де, өмір, басып қайғың,
Алшы түскен қазақы асықтаймын.
Төрт құбылам түгелдей түйсік түйді,
Үйге неге сонда да асықпаймын.
Көңілімнің көтеріп селді кезін,
Есті ме, əлде есерлеу жел мінезім, –
Қапаланып біреуге қарын басты,
Көріп, сосын, біреудің шелді көзін.
Тірсек қақты тіршілік қиын, жарым,
Сатқан кісі емеспін тиынға арын.
Сезінемін санаммен сары уайым,
Əйтеуір бір жанымда құйын барын.
Əліппені алаңсыз ежіктеген,
Жоқ балалық, қаланы кезіп келем.
Маскүнемдей неліктен күйді кешіп,
Неге сосын ұрыдай сезіктенем.
Жатқан көлдей тып-тыныш жел алдында,
Өзіме-өзім білмеймін келе алдым ба?
Біреу үшін имансыз өзімді мен,
Кінəлілеу сезінем ел алдында.
Ұялатқан көзіме жасықтай мұң,
Сырын тағдыр тұрса да ашып жайдың, –
Бала, əйел, қарамай қыз барына,
Үйге неге, апырмай-ай, асықпаймын?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу