Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  120


Автор: Аманхан Əлімұлы

Бұлтпен сырласу

Ақ жалды төкпе бұлт, шөкпе бұлт,
Көрсетпей қырыс қабақ көпке қылық, –
Құйып бер нөсерiңдi созылмалы,
Қысқандай қытық босқа өтпе күлiп.
Келместей ыспа жайға дос жарытты,
Күбiдей күдiс көңiл босқа арыпты.
Мен жерде, сен аспанда алас ұрдық,
Кiм, қарғам, аяй қойсын қос ғарiптi.
Ей, мұңдас, шөкпей текке кертiк белге,
Шым-шымдап жауын буа тертiп кел де, –
Қаптатып қаран суды жiбершi бiр,
Жасаған жiберместен ертiп желге.
Төбеден төнiп келiп құрық салма,
Шөкiмдей шөге-шөге тұрып қалма.
Сенiң де құдыретiңдi көрсiн қауым,
Менiң де айтарым бар сыр ұққанға.
Мына көп мысық тiлеу жұрт-ау, қаппа,
Қол ұшын бермес сынсақ күрт аулақта.
Мен болсам бас сауғалап қайда барам,
Сен болсаң ауарсың-ау бiр тау жаққа.
Қош болғын, қош есен бол көшпе бұлт,
Шомылған қызылқарын кешке тұнық.
Келедi құлап көктен қараңғылық,
Ай болып туар ендi өшкен үмiт.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу