Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  126


Автор: Аманхан Əлімұлы

Сарыала сағынышқа ұласқан мұң...

Сарыала сағынышқа ұласқан мұң,
Белгiсi емес пе екен бұл асқанның, –
Шелектеп қаран суды құйды-ай келiп,
Тесiлiп кеткендей-ақ түбi аспанның.
Өткелсiз күй өткiзiп қиын бастан,
Тұр, мiне, үшiншi күн тиылмастан, –
Арасын көк пен жердiң тұтып алып,
Шашындай қойған қыздың жиылмастан.
Көңiл жайлап жел мiнез нала еспе,
Күйген қанат секiлдi ала кеште, –
Дарияның езуi көбiктенiп,
Қай-қайдағы жайларды салады еске.
Су иесi Сүлеймен бұрқанғандай,
Табиғат шайылды-ау қырқаң қалмай.
Айнала астан-кестен болып жатса,
Шелекбас төбет қана тұр таңқалмай.
Көз алдыма келтiрген қауынқақты,
Желқайықты көтерiп, дауыл, қақты.
Гүрс-гүрс құлаған жар дауысы,
Үрей болып жайлады ауыл жақты.
Таусылмасын тағатсыз сабыр неге,
Қатер төнiп тұрғандай қабiрге де, –
Керек етер секiлдi Нұқ кемесiн,
Субасты өмiр басталса тағы iргеде..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу