Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  115


Автор: Аманхан Əлімұлы

Жаңбыр шайып, жел қаққан кеш сыз еді...

Жаңбыр шайып, жел қаққан кеш сыз еді,
Табыла қоймас, сірə, еш күз емі.
Қаздар төмен, тырналар сəл-пəл биік,
Жабыңқы жайлауына көш түзеді.
Қашаннан сала алмайтын тыйымды ешкім,
Алқалы кесті алдын құйын көштің.
Тұратын жаңбырдан соң жыламсырап,
Мен неге мəжнүн талдың күйін кештім.
Ызды аспан, жері болса шақпа сызды,
Табиғат ұрындырды шаққа бізді.
Дария сылбыр ағып лай басты,
Сыңсып тұр сидаң қалған бақ та күзгі.
Үздікпе үзіп тынған ізгі үмітті,
Жоқ рең айналада жүз жылытты.
Ауыл да азып-тозып арқа-басы,
Қала да көрсетпейді қыз қылықты.
Ұқсаған жан-жүрегі таза ақ қарға,
Тарихта біз татпаған азап бар ма?
Өгей – шеше қылықты табиғат та,
Көрсететін секілді қазақтарға.
Жатқан бір кең далаға бел теңделіп,
Сабыры саба басты ел тең делік.
Қайғы-мұң жей-жей жанды, қатпар-қатпар,
Көзімнің алды кетті желкенделіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу