Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  126


Автор: Аманхан Əлімұлы

Көңіл күйі

І
Басқа түскен мына Күз бір сын еді,
Көңілімнің табылмай тұрсың емі.
Үйсіз-күйсіз ақынның өлеңіндей,
Қолды-аяққа тұрмай жел күрсінеді.
Түсіре алмай қағазға мұңның сөзін,
Тиек етем тіліме түннің де өзін.
Ұялайды жаныма қайғы табы,
Тұтқан бұлт секілді күннің көзін.
Жаңылдырды жүректі, тағы, ырғақтан,
Бір үн жетіп құлаққа қабір жақтан.
Əлденені сезгендей əлдекімнен,
Алаңдайды көңілім сабыр тапқан.
Сабырлық бар Күз басты айналада,
Ұшпа көңіл ұшықпа жайлана ма?
Мықты едім, менен де мықтылау жел,
Айдап кетті қаңбақтай айдалаға.
Меңдеп алар жүректі ырқы кілең,
Жанды жейтін бұл тірлік түрпі білем.
Қарапайым қайырымды бір қазақтай,
Өлерімді білемін бір күні мен.
ІІ
Ұстатқан тіршіліктің қай ырғасы,
Шайқалып тұр мық жусан айырбасы.
Əн болса ғұмыр қысқа алып қашты,
Сезгенім жастық оның қайырмасы.
Сезімге таң шығындай құмар бастан,
Жанымды менің мұңды ұғар жас жан.
Қалды артта қаппа кез қыз-қырқынмен,
Қоян алған бүркіттей жұмарласқан.
Көншісе көңіл қалай толғамайды,
Түсімде көрдім кеше толған Айды.
Қалмайтын қыбы келсе қапы, қарғам,
Қоздатқан қаулан кезді болма жайды.
Қамыс та баяғыдай шуламайды,
Жүрек те бұрынғыдай туламайды.
Көңілім кірбік тартып қалған қазір,
Ауыбос қыз тақымды суламайды.
Тұрса да сыртта шықтай мелдеп көктем,
Жайым бар жардай ерте сел кеп тепкен.
Жастығым өтті-кетті өліп-өшті,
Жылқыдай жаздың күні желдеп кеткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу