Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  103


Автор: Аманхан Əлімұлы

Қалып қойған қызығы кең далада...

Қалып қойған қызығы кең далада,
Желп-желп етпей жел соқса жең қала ма?
Көп болса да ауылдан шыққаныма,
Жете алмай-ақ келемін мен қалаға.
О, тағдыр-ай, таппасаң өзің емін,
Тағы нендей жағдайға кезігемін, –
Қырық жылдан барады асып, міне,
Өзімді мен қаңбақтай сезінемін.
Ауылдан да қол үзіп кете алмадым,
Қалаға да қол созып жете алмадым, –
Дұрыс шығар ендігі жерде менің,
Ұжмақ бенен тозаққа бет алғаным.
Қайсысын білмеймін мекендермін,
Көшірмесі ол жақта екен жердің.
Бірақ нəрсе білемін қайта қалсам,
Қайырмайтын құшағы бекем көрдің.
Ешкім берген қайтпастай сертің демес,
Жаулап алды жанымды бертінде елес.
Е, Алла, білетінім түбі барар,
Тозақ та, ұжымақ та еркімде емес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу