Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  104


Автор: Аманхан Əлімұлы

Жел

Тынымсыз ұнатамын жел мінезін,
Кезгенмін талай-талай елді де өзім.
Басыңқы тартып қалған көңіл қазір,
Байқаймын байыз табар келді кезім.
Дегендей қатырайын бір сілесін,
Ел-жұрттың алып бүксіз тұрсың есін.
О, жел-ай, жел-ай айтшы неліктен сен,
Ішіңді тартып сонша күрсінесің.
Жағдайға талай-талай түсіп терлік,
Қылықпен торғай бақты мысық дерлік, –
Сен ұшпа, мен де өзіңдей жел мінезбен,
Қаншама қыпша белді құшып көрдік.
Шулатып кей кездері түз, қияқты,
Сыңсисын ұзатылған қыз сияқты, –
Желбегей желең-желпі желдей есіп,
Ұшпалау мінез енді бізге ұятты.
Тынымсыз ұнатамын жел мінезін,
Кезгенмін талай-талай елді де өзім.
Басыңқы тартып қалған көңіл қазір,
Байқаймын байыз табар келді кезім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу