Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  176


Автор: Аманхан Əлімұлы

Суық күз сұрғылттанып сыз атқанда...

Суық күз сұрғылттанып сыз атқанда,
Тырна үнін тыңдап жатып ұзақ таңға, –
Түсіріп сағынышты құс жолына,
Сыңсытып не жетеді ұзатқанға.
Алланың жазуынсыз өлер деп пе ең,
Алты ай қыс өтіп, тума келер көктем, –
Жатады əлі-ақ аман болсақ егер,
Көрінбей көзге тұнды бел өрнектен.
Ақпанды елшісіндей жуық дескен,
Əзірше, əзірше ме суыққа ескен, –
Алдырып бойымызды тұрармыз-ау,
Қаңбақты бара жатқан қуып төстен.
Тоғайды алған ерте алтындап ап,
Қараша танытады салқын қабақ.
Шабақтың шоршысынан шыққан шым-шым,
Ойнайды толқынменен жалқы үн жалақ.
Сұп-суық жұлдыз нені күзетеді,
Жайылып келе жатыр күз етегі.
Сағыныш құс жолына түсіп кетті,
Табаннан жүрекке ұрды сыз өтеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу