Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  108


Автор: Аманхан Əлімұлы

Туған жердің жұлдызы

Келе-тұғын оқыстан мыс басқанға,
Өлі ұйқы бұзылып, түс қашқанда, –
Жап-жарық жұлдыз көрдім мық шегедей,
Қытымыр кіді қылық қысқы аспанда.
Қарашы отырғанын шарам құрып,
Көпек ит көрсетеді аран қылық.
Менің туған жерімді қымтап алды,
Ерте түскен қоп-қою қараңғылық.
Сырдың сидаң сыбдырлап ши,бұтағы,
Бастап кетті тірлікті күйкі тағы.
Қайырлы түн тілеймін таңға ұласар,
Адамдарға алаңсыз ұйқыдағы.
Баданадай көрініп алып қырдан,
Қасиетін нұр шашты сан ұқтырған, –
Жарық жұлдыз бақытым бала кезден,
Туған жердің көгінде жанып тұрған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу