Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  228


Автор: Аманхан Əлімұлы

Болмай-тұғын ешқандай ара түсіп...

Болмай-тұғын ешқандай ара түсіп,
От шалғандай тұла бой барады ысып, –
Оңашалау кафеде отырғанда,
Əдемі бір қызбенен шарап ішіп.
Таңдай таза лықсыған көзіндегі,
Кетер ме екен төгіліп сезім легі?..
Мұңға батып отырдым əлденеден,
Сейілтіп ал, о, мезгіл, өзің мені.
Жата-тұғын биіктен құлап кілең,
Шашы иыққа төгілген бұлақ білем.
Жан түсініп болмайтын, о іңкəрлік,
Бойды алған, не деген, бұла аптық ең.
Түскен жанға жаңа бір ізің бе еді,
О, табиғат, аңғартар күзің нені?.
Жанындағы тылсымды көріп-білмей,
Жылылықты сезінем жүзіндегі.
Шуақты екен шырайлы көркің, күнім,
Қоюланып кетпесе бертін мұңың.
Арқын-жарқын отырған қысылмастан,
Мінезіңнің ұнатам еркіндігін.
Қалыптасқан қашанғы қалып қалып,
Сезім билеп бойымды алыпты анық.
Ерекше бір отырмын көңіл күйде,
Жан түсініп болмайтын шалық шалып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу