Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  140


Автор: Аманхан Əлімұлы

Философиялық өлең

Өмірді мен тарылар өріс демен,
Деп біреумен мезгілсіз керіскен ем.
Ұйықтап жатып күледі сəби неге,
Түсінде ойнап жүрме екен періштемен.
Алаңдатып айрықша қойған мені,
Өмір, сəби ойынға тойған ба еді?
Қолды-аяқа тұрмайды екеуі де,
Шыңыраудай жоқ білем ойдан кемі...
Тиер жайсыз көрсетпей сырық қылық,
Берілгенде себепсіз бүлікке ырық, –
Сəби желдей уілдеп бесігінде,
Өмір артын көрсетер күліп тұрып.
Өткел бермес тірлікте тар сағалы,
Бір салқындық сеземін бар шамалы.
Өтті-кетті басымнан сəби-өмір,
Қарттық өмір алдымда қарсы алады.
Келе-тұғын көз жұма талғады дер,
Мүлік емес бұл өмір жалға жүрер.
Ұжымақ та, дозақ та үйім менің,
Қайсысына түсемін, Алла білер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу