Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  135


Автор: Аманхан Əлімұлы

Жеген жұтаң-жабыңқы көзді реңі...

Жеген жұтаң-жабыңқы көзді реңі,
Ауыр өте ауылға кез бір еді.
Жапырақтар көңілсіз сыбырласқан,
Күздің лебін салқындау сездіреді.
Өмір сырын ұқтырған өртеңдегі,
Қоңыр кештің не деген еркең лебі.
Күн шуағы қытықтап жаздағыдай,
Оятпайды ұйқымнан ертең мені.
Күндер-ай, сынап сынды сырғып аққан,
Қақпанын қарашаға құрды ма, ақпан.
Мұңлы саз менен басқа естімейтін,
Шалынып құлағыма тұрды бақтан.
Өткізіп алған бастан өңір жазды,
Ұзатып жатыр мұңды қоңыр қазды.
Есіткен сияқтымын бір қыздан мен,
Сыздатқан жүрегімді со бір сазды.
О, қыз да оралмастан жырақ кетті,
Орнынын тауып мəңгі тұрақ тепті.
Өмірдің мысалысы шексіз екен,
Қоюға болмай-тұғын шырақ, шекті.
Ауылдан қыз да кетті, мен де кеттім,
Мысалы, күйін кешіп дөңгелектің.
Көңілді қайда қоям сабыр басты,
Секілді басылғандай желдегі екпін.
Күндер-ай, күндер сынап сырғып аққан,
Тіршілік маған да бір құрды қақпан.
Бір адам сезінбейтін менен басқа,
Мұңды саз есіп күзгі тұрды бақтан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу