Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  128


Автор: Аманхан Əлімұлы

Жалғыз қайың

Сықпа бел қайың, неліктен,
Сыңсисың желдің өтінде.
Тұрысыңды жалқы көріп мен,
Ұқсаттым тұлдыр жетімге.
Жел қағып, күн жеп, шаң басып,
Қалыпты бұйра шашыңды.
Кеш ырыс, білем, таң нəсіп,
Сұрайын неге жасыңды.
Күн жүзің, сосын алмасқан,
Сырғаң-ау күміс Ай тегі.
Өзіңмен өзің қалмастан,
Сырыңды ашсаң қайтеді.
Жел не деп саған сыбырлай,
Жұлдыздар нендей сыр ашты.
Жел тартқан ішін құбырдай,
Ұлиды бөрі қыр асты.
Тапқандай ойдың оябын,
Бір сырды ашты аққайың.
Көңілді қайда қоямын,
Шулаған күзде бақтайын.
«Кеше бір келіп бозбала,
Құшақтап ұзақ тіземді, –
Деді ол, іле сөзді ала:
«Жанымда сүйген қыз өлді...»
Жаралы екен жүрегі,
Берілген ұшпа сезімге.
Көрсең ғой, шықтай тұр еді,
Мұң табы тұнып көзінде.
Қоңыр күз, шөкпе қыр құба,
Кетуге жылап шақ қайым.
Мұңлылау сыңсып тұрды да,
Осы сырды айтты Аққайың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу