Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  322


Автор: Аманхан Əлімұлы

Өз бағамды өзге емес, өзім білем...

Өз бағамды өзге емес, өзім білем,
Ашқын желбас шел басты көзіңді кең.
Алла берді кешіргін елден ерек,
Сала алмаймын саудаға сөзімді мен.
Қалалық та, бола алмай далалық та,
Бойға бітті арылмас балалық па?, –
Аяқ шалды айналар өкінішке,
Ерік беріп қоямын шалалыққа.
Неге сонша о, тірлік, сезікті еттің,
Арасында жүре алмай төзіп көптің, –
Аса таяқ ұстанып кей кездері,
Кең даланы келеді кезіп кеткім.
Алып ұшпа ілесіп ескін желге,
Шақырады əлде бір кешкі үн белге.
Жел айдаған қаңбақтай қаңғып кетсем,
Көре көрме, ағайын, ешкімнен де.
Қайда қоям қылықты жел мінезді,
Аңсап тұрар не істі елді кезді.
Қарауылға неліктен жиі алады,
Ана біреу, апырмай, шелді көзді.
Көрсетеді мінезін жар да өзгелік,
Мына күзді қоса оған тар кез делік.
Үйді қойшы, өмір де тарлау маған,
Əйтеуір, бір қанымда бар кезбелік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу