Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  395


Автор: Аманхан Əлімұлы

Түн және мен

Еспе жел есіп беріп салқын күзгі,
Тұп-тұнық табиғаттың қалпын бұзды.
Түн түсіп келе жатыр мысықтабан,
Күн деген жұтып қойып алтын қызды.
Ашылмай батқан еді қыз қабағы,
Содан ба қазан түп көк сызданады.
Қарақшы Ай қарауылға алып қасқа,
Бойынан бозаң белдің із бағады.
Артына қаратпастан еспе күштей,
Таң түгіл, көрген жайсыз кеш те түстей.
Қай тұста жастығымды жерлегенім,
Қарашы тұрғандығын еске түспей.
Кеткендей сіңіп жаным нуға қалың,
О, бозбас болдырдым деп туламағын.
Жамылып жарым түнді, жас шағымды,
Есімде арақпенен улағаным.
Тынымсыз қаппа желдің сүйген өтін,
Көңілім алақұйын күйге енетін, –
Қызбенен желөкпелеу бірге жатып,
Қызбенен бір тұрғанда үйленетін.
Бақбастан келді-кетті кеш қабағын,
Қайдағы-жайдағыны еске аламын.
Кей-кейде шалқып кетем шау тартсам да,
Тартқандай маған тірлік төс-табағын.
Ол кезде бозбала едім балғын қылық,
Балағын құлай-тұғын шалғынға іліп.
Шау тарттым, беріп тұрып бетіңді өмір,
Бұл күнде аяғымнан шалдың күліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу