Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  113


Автор: Аманхан Əлімұлы

Ауылда

I
Сықыр-сықыр етеді ескі қақпа,
Сыбдыр-сыбдыр етеді кешкі бақ та.
Астан-кестен аспанда басталардай,
Беттен ала күз желі есті, шақпа.
Танытады табиғат салқын қалып,
Ұясына күн батты жалқынданып.
Жамбасқа алып қыр жақты Ай да туды,
Сияқты бір сырғақты алтын балық.
Су қашады сумаңдап қырдан сайға,
Тал ұрынып жел қақты сырдаң жайға, –
Жапырағы сыбдырлап, елмен кешкі,
Намаз оқып өзінше тұрғандай ма?!
Көктен ұрған суықты сезіп денем,
Бақты түнгі шулаған кезіп келем.
Түседі еске бал шағым балақ басты,
Əліппені алаңсыз ежіктеген.
Сүйеу болып жаныма өтер ме екен,
Ғұмырыма азықтай жетер мекен.
Неге алаңдай беремін аспан жаққа,
Құс жолына түсіп мен кетер ме екем.
II
Күндізгі күйбең, не түрлі,
Басылып ауыл дүрмегі, –
Мысықтың көзі секілді,
Мық жұлдыз бағып тұр мені.
Кезіңде қалған ес біліп,
Жемейтін, айтшы, қам бар ма?!
Иттердің даусы естіліп,
Жанбайды кешкі шамдар да.
Есіме түсіп түрлі аңыз,
Отырмын, жардың жағасы...
Кез түсіп қалған қырға күз,
Тоғайдың семіп ағашы.
Тырнадай шыққан жалқы үні,
Жүрегім неге сыздайды?!
Ертелеу түскен салқыны,
Тиместен тұр-ау күз жайлы.
Араға түсіп бір епті,
Суысқан ерте арамыз, –
Жегідей жейді жүректі,
Қала асып кеткен қара қыз.
Жанымды бір дерт басқанда,
Жіберді, мезгіл, созып-ай!
Адасып жүрген аспанда,
Ұқсайды жетім қозыға Ай.
Сыр бойы, солған сабағың,
Күзден соң қалды жалбыз нең...
Бағамыз түннің қабағын,
Жетім Ай, сосын жалғыз мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу