Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  147


Автор: Аманхан Əлімұлы

Бой алдырмай болмысы құс төзімге....

Бой алдырмай болмысы құс төзімге,
Көрінбестен бір мысқал сұс көзінде, –
Білмей-тұғын шын атын ешбір адам,
Қайтыс болды қария қыс кезінде.
Кезді өткізіп басынан ауыр жастан,
Жақсы бір жан ауылға бауыр басқан, –
Сабау басты қалпымен еш зиянсыз,
Өтті өмірден оқыстан ауырмастан.
Тұрмай-тұғын алдыңда жиі ақталып,
Көрсететін үлгідей ұятты, анық, –
Жылап тұрды басында үлкен-кіші,
Ағайынын жоғалтқан сияқтанып.
Шыққан шулы дүние-ай айран-салы,
Қайда өтті екен қартыңның қайран шағы.
Сырын шертіп еш жанға айтқан емес,
Əрі жұмбақ келгені қайдан тағы.
Қаралы жұрт тартылған елеп пе, асты,
Мысалы, көңіл күйі желек қашты.
Соңында қалып шалдың қоржын тамы,
Содан соң қалды иті шелек басты.
Келмей-тұғын жағдайға арып күтті,
Қара суық жер бетін қарып бітті.
Қытымыр қыс, əйтеуір, қырын келмей,
Жеңіл болды жерлеу де жарықтықты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу