Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  147


Автор: Аманхан Əлімұлы

Жасырын сыр туралы баллада

Балағы жерді сызған бала кезде,
Желбас ем желік қуды дала кезбе.
Көлбеңдеп көз алдыма келген шағым,
Жайларды небір еске салады өзге.
Балалық, өте шығып асық атты,
Ұрынып тосын жайға басы қатты.
Қызының өліп-өшіп сүйдім деген,
Жанына сəл-пəл үлкен жасы батты.
Онда ол қыз өрімдей он сегізде,
Жататын ұқсап шөпті жон теңізге.
Өткеннен сыр шертетін, о, көңілім,
Мезгілсіз қайтқан құстай қон көне ізге.
Көне із жол жағалай ала қашқан,
Көңілдің көлеңкесі нала басқан.
Куəсі болған талай жайдың сырбүк,
Көңілсіз көзін жерге салады аспан.
Болмайтын ыстық айда төзіп пенде,
Əлде бір бойды алған сезіктен бе?, –
Басымнан сипай-тұғын еркелетіп,
Үстінде үлкен жолдың кезіккенде.
Көзімнен көзін алып қашқан кезде,
Көргендей болушы едім аспанды өзге.
Со шағы менен емес, кездесетін,
Өзге бір жас көңілден сасқан кез бе?..
Мендегі білмейтін ол сезімді ерек,
Жүретін етіп жылы сөзін қорек.
Өзіммен алып кетер, со көңілді,
Білгенге шыдам шыңдар төзім керек.
Төсіне, көңілменен жайған кілем,
Жүруші ем алқа тағып Айдан кілең.
Ол кезде оның мені еркелетіп,
Жүргенін інісіндей қайдан білем.
Алдымда ұзын-ырға жол тұрды ызба,
Көңілді дегендей бір толтыр сызға.
Құпия күйі кетті ашылмастан,
Өлердей іңкəрлігім сол бір қызға.
Басатын уақыт, шіркін, күртік дей ме,
Мезгілсіз көктеген бір бүртіктейге, –
Келетін сол пəк сезім бұл күндері,
Ұйқымнан оятады түртіп кейде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу