Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  93


Автор: Аманхан Əлімұлы

Қаныққандай қаншама жайға бастан...

Қаныққандай қаншама жайға бастан,
Айдау қара жол жатыр Айға қашқан.
Ілбіп басып келемін, мың сан көзді,
Аспан таңба сияқты тайға басқан.
Суға ерте түсірген қайықтай түн,
Мақпал қара желкенін жайыпты, айқын.
Жүрегімнің басында запырандай,
Қалған мұң бар мəңгілік айықпайтын.
Үзілмеді бозбала белі қайда,
Тимегесін тағдырдың желі майда, –
Желтоқсан мен Жаңаөзен арасында,
Келе-тұғын əндер көп «Елім-айға».
Суси-суси келгендей құм қашқанға,
Дүниені дүбірлі мұң басқан ба?, –
«Құстар əні» сияқты жайлап жанды,
Тырна даусын созады түнгі аспанда.
Суық шалды табиғат кезің көпте,
Таусылмайды білемін төзім текке.
Қозғаннан ба, бойдағы қатқан қаны,
Қол құстары қадайды көзін көкке.
– Е, Жаратқан, – дегендей – байқа маңды,
Іліп көкке қойыпсың Ай тағаңды.
Айдау жолмен аспанға шығып кетсем,
Оралмайтын шығармын қайта мəңгі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу