Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  110


Автор: Аманхан Əлімұлы

Қылаулатып түсті де Күз ақ бетті...

Қылаулатып түсті де Күз ақ бетті,
Түсіретін сияқты тұзаққа епті, –
Сендік шайы көйлектің сусылындай,
Мендік жастық сусылдап ұзап кетті.
Күздің қыстай келгені қылаулатып,
Менің мұңды жаныма тұр-ау батып.
Сағынышты ілдіріп қанатына,
Тырналар да қайтуда тыраулатып.
Қыс та түсер ақбасты зəрі мықты,
Мысалы, еске салып кəрілікті.
Алға тарта бермегін жасты, жаным,
Алпыс шалған көңілдің бəрі күпті.
Өтті-кетті ұқсастау құс бағымен,
Қала-тұғын қарбалас тұста кілең, –
Төрт мезгілі сияқты табиғаттың,
Адамның да тағдыры қысқа білем.
Бұлт үйіріліп кəрілік аспаныңда,
Мұңға түпсіз беріле бастадың ба?
Шəйі көйлек сусылы сияқтанып,
Сусып өтті жастығым қас қағымда




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу