Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  103


Автор: Аманхан Əлімұлы

Жасадым деген жетпей қам бір кешке...

Жасадым деген жетпей қам бір кешке,
Күн түсіріп батты, əне, қалбырды еске.
Өткізгендей електен көкте біреу,
Себезгілеп жауып тұр жаңбыр кешке.
Келтірмейтін тірлікті қайғың дерге,
Қоңыр мезгіл қом кешін жайды іргеңде, –
Ауыл менен дария арасында,
Əңгелектей дөңгелеп Ай жүргенде.
Былдыр қағып қыраттың ақ бұлағы,
Ұят қысқан ұяға шақ құлады.
Ат тұяғы ізінде дөңгеленген,
Қалды ымырттан қызарып қақ құлағы.
Көңілсіздеу көріністі көз аулады,
Күз тоздырған ауылдың бөз-ау бағы.
Қуалаған бір-бірін толқындардай,
Бұзады екен көңілді сөз аумалы.
Ұялаған көзіңе желік бір мұң,
Елеместен жаңбырды елік, құрбым, –
Жағасына су жеген дарияның,
Үсті-басың малмандай келіп тұрдың.
Оңып тұрған жайым жоқ өзімнің де,
Жасыра алмай сезімді көзім күлме, –
Сені сүйем дей алмай, бұтып-шатқан,
Құлағыңа қалқатай сөзімді ілме.
Дей аламын қалайша емес нала,
Оу, уақыт, өттің-ау сен есті ала.
Көне қорыс сияқты тозып бітті,
Сол кездерден қалыпты елес қана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу