Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  102


Автор: Ахмет Өмірзақов

Жалғыз ай

Ширықтырған шаттығыммен –
Қайғыммен,
Аласұрып көкке қолды жайдым мен.
Сонда –
Тұман арасынан серледім,
Қылаңдаған қансыз жүзін Айдың мен…
Ол тірі еді,
Мен де, рас, тірі едім,
Түннен қашып құз басында тұр едім.
Көңілімде көл шайқалды,
Көргенде
Жалғыз Айдың жан жылатқан реңін.
Мезгілсіз кеп мұңымды айтып бұ маңға,
Кеудемде орын бермеп ем ғой күмəнға!
Аймен бірге
Аялаған арманым,
Қалай сіңіп бара жатыр тұманға?!.
Дүрсіліне құлақ аспай жүректің,
Тұрғанын -ай жанымды езіп Түнек- Мұң!
Тұтқын қылып мына тұман мəңгіге,
Іште өле ме буырқанған бір екпін?!.
Ай – шарасыз,
Ақын -жүрек шарасыз,
Жыр – шарасыз,
Шабыт- тілек шарасыз…
Көзің салмай қасіреттің кейпіне,
Қамсыз Дүние, қайда кетіп барасыз???
...Сыймайтұғын сырына ешбір ұғымның,
Мен тоналдым – қалмай бірі түгімнің.
Бақсыз басым тартпақ па енді зардабын,
Жүз ғасырда орны толмас шығынның?!.
Таразыда –
Мың қасірет, Бір арман
Тартысқанда кім шығады құмардан?
Сергелдеңнің сыры қалай сезбессің,
Жанарыңды жаулап алған Мұнардан?..
…Зарықтырған Жалғыз Айдың сəулесі,
Айтсаңшы, ей, Армандының əуресі, –
Көкке қарап телміргеннің бəрінің
Тірі ме екен көкірегінде тəубесі???




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу