Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  92


Автор: Ахмет Өмірзақов

Жан нұрымның қоймалары босады...

Жан нұрымның қоймалары босады,
Отсыз қалды өлеңімнің ошағы!
Есім ауып айқай салсам, Біреулер,
Əн салды ма деп құлағын тосады!…
Бір теуіп ем – жердің шаңы бұрқ етті,
Үнсіз кешкен күндеріме жыр кекті…
Жұлқынып ем,
Өкінішім өрекпіп,
Омырауымнан үзіп алды ілгекті!
Тобығымнан келмейтіндер, апырмай,
Мінезімнің ащы айранын сапырды-ай!
Көк түтіннен көзім шығып жүргенде,
Шақпағымның қойғанын-ай табылмай!…
Соңы емеспін дүниеге келгеннің,
Жатыр сөзім шұқырында желкемнің.
Қара жер де бір тоғайып қалады,
Ырза қылып біздей ақын өлген күн!
Аз күнімді өзіме өзім көп көріп,
Жүрем ылғи жел сөзбенен шектеліп.
Пəни дүние бөлегенде бесікке,
Кім кетті екен сүйіншіме ДЕРТ беріп???




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу