Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  81


Автор: Ахмет Өмірзақов

Жұбату

...Қорқа күтіп жүргеніңде
Айтылып –
Тағдыр деген қаталдыққа тəн кесім;
Ұлы АНА-МЕЙІРІМНЕН айрылып,
Ет жүрегің езілді ме, жан досым?..
Əбден қажап жалғыздықтың мол мұңы,
Жылап тұрсын, төгіп көздің сор жасын.
Кім Анадан айырылса,
Сол күні –
Ол төккен жас – көз жас емес, қорғасын!
Өксі, бауырым, өксу керек мұндайда,
Өзге жолы жоқ жалғанға налудың.
Келмеген соң өмір біздің ыңғайға,
Жөні болмас сірə үнсіз қалудың...
Ұмтылар ем жеңілтуге қайғыңды,
Дертіңе егер дауа болар сөз тапсам.
Дəрменсізбін,
Мынау ажал – айбынды,
Біздей талай боздақтарды боздатқан.
Не көрмеген, не білмеген адам бұл,
Тірлік – оның өкінішті жарқылы.
Бұл жалғанның пасықтығын содан біл,
Жұбатады Елші-Уақыт арқылы!
Жанымызға Пəни салар жара көп,
Еңсе көтер, бұрыл, Досым, сен бері.
Өмір деген –
(Өкінбеуге шара жоқ...)
Жоғалу мен Жоғалтудың Шеңбері!
Ұқсаң соны мұңайма, Дос,
Күштіден –
Күтеді өмір Асқақ болмыс – Ұлы Серт!
Керек бізге –
Бұл Дүниенің үстінен
Аяй қарап, күле білер Құдірет!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу