Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  115


Автор: Ахмет Өмірзақов

Табылға хат

Шақырғанда түсі суық, ұйқыдағы басқа ауыл,
Қарамайды-ау бір жан сірə, жанардағы жасқа – ауыр.
Мойыныңа Жалғыздықтың киген кезде қамытын,
Бүкіл дүние – тасбауыр!
Ал, Сен сол сəт күтесің-ақ «біреу келсе екен» деп,
«Жалғыздықтың түрмесінде қалай мəңгі өтем» дем.
Дарақы əлем сонда сенің өте шығар қасыңнан,
Күлкі деген көк дөненмен тепеңдеп.
Жалғыздықтан құтқармайды хас шешеннің таңдайы,
Селт етпейді Ол – Қайсарлықтың болсын мейлі қандайы.
Қағып-қағып Жалғыздықтың міз бақпайтын қақпасын,
Қайтар кейін қуаныштың тасқа тиіп маңдайы.
Жалғызсың ба?
Мақұрымсың көңіл желі – шаттықтан.
Жалғызсың ба?
Баса беру жөн жүректі – аптыққан.
Бұл жалғанда селт етпейтін суық сөзге осынау,
Біздің ғана жүрегіміз – Жалғыздыққа жаттыққан!
Ақынбыз ғой екеуміз де – еңкеюді ар санар,
«Құрбым – Қасірет,
Ал, Жалғыздық – Серігім!» деп жар салар.
Илана бер,
Тəкаппар мен Қайсарларды қашанда
Даңқ пен Ажал Ақиқаттың алаңында қарсы алар!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу