Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  122


Автор: Ахмет Өмірзақов

Төлеген Айбергенов қабірі басында үнсіз оқылған өлең...

Тағдыр баста жаратқасын қамсыз ғып,
Тар соқпақта түпке жетер аңсыздық.
Қайда барсаң қыр соңыңнан қалмайды,
Рухыңның көлеңкесі – Жалғыздық.
Миллиондармен сапта бірге тұрсаң да,
Құлазиды Ой…
Қинайды əлі бұл қанша?…
Миллиондардың біреуі де көрмейді,
Жанарыңнан қып -қызыл қан бір тамса…
Сен, өйткені, Жалғыз- ақ тал Қауырсын,
Жалғыз-ақ тал болғандықтан ауырсың!
…Дерті бір де, серті бөлек бұл жұрттың,
Дар алдында жаны кімге ауырсын?
Жанарымнан тамған қанды құм жұтты,
Өзім көрдім осы аяусыз сұмдықты!
Білдім сонда,
Алмайды екем жібіте,
Жүректерде мұз боп қатқан Шындықты…
Тас Құдайға ұқсағанмен тақтағы,
Құлақ түріп бұлбұл үнге бақтағы;
Таңдайымыз қақ жарылып өтерміз,
Шексіз билеп Жалғыздықтың Аптабы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу