Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  136


Автор: Ахмет Өмірзақов

Мұқағали Мақатаевты туған күнінде еске алу

Қойғанмен тағдыр көкіректен жырды ағылтып,
Сергелдең сезім сыйдырмай жерге сабылтып;
Əрбір жүректі өз уыменен улайтын,
Қайталанбайтын қасірет қой бұл Ақындық!..
Əр күні жолын кес-кестей беріп арсыздық,
Тірлігін кейде жіберетұғын нəрсіз ғып;
Ақындық ғұмыр – түбі жоқ терең тылсым ғой,
Кеудеңде мəңгі қоздатып тұрар Жалғыздық...
Ақындар жайлы айта алмас пенде асыра,
Айта алар бəлкім, нұрының құтын қашыра.
Дүние əр кез қарайды кештеу
Олардың
Шындықты іздеп тау-тасқа соққан басына.
Аты өшкір Тірлік...
Еді бұл неткен шырғалаң?
Шырғалаң тірлік – ынсапты білмес бір харам.
Қалғанмен талай тарландарынан көз жазып,
Өкінуді шын білмей жүр əлі бұл ғалам...
Жасағанымен ойымыз еркін – көгенсіз,
Ащылау біздің татар тұзымыз – бөтен тұз!
...Ұлы Ақиқаттың жалғыз минуттық демінің
Құрбандығы үшін жаралған жандар екенбіз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу