Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  111


Автор: Ахмет Өмірзақов

Бауырын тас парша-парша ғып...

Бауырын тас парша-парша ғып,
Жылауық мына көктемде;
Аяныштарды шаршатып,
Алқына бұлақ жеткенде;
Қақпасын жанның таң қағып,
Шақырғанда анау көк белге, –
Жүзіне мұңның қан жағып,
Қараймын үнсіз өткенге…
Арқамда орман тұрғанмен,
Бет алдым құла дүз менің;
Көзімді көктем бұрғанмен,
Көңілім толы күз менің.
Аяусыз жұлып кетсең де,
Тəтті шақтардың тізбегін;
Көрместей мені етсең де,
Көбелек, Сені іздедім!..
Сəулесі күңгірт арманға,
Қарашы, қалқам, алармай!
Бұл дəурен – бұлбұл болғанға,
Беймезгіл өшкен жанардай.
Көнем деп басқа салғанға,
Үміттен сенім жаралмай, –
Қатыгез мына жалғанда,
Кетем-ау, саған бара алмай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу