Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  215


Автор: Ахмет Өмірзақов

Апаларым

…Бағым ба екен бұл менің,
Сорым ба екен бұл менің,–
Жыр үшін жырақ сендерден,
Ұмытып шаттық, күлкіні,
Бұл күні сыртта жүргенім?!
Алыстағаны іргенің –
Жүрегім жырмен бір менің.
Сағынып бүгін сендерді,
Көзімнің жасы көлкілдеп,
Мөлтілдеп келіп тұр менің…
Қан берсем деп ем қансызға,
Жан берсем деп ем жансызға,
Жүректе оттың барында!
Ренжімеңдер сондықтан,
Мұң жұтқан мендей Жалғызға!..
Арасында бес туыстың,
Мен ғана үймен суыстым…
Қайтейін, Апаларым-ай,
Қонған соң өлең басыма,
Жасыма жетпей у іштім…
Жанымда жігер көп қайнап,
Алысқа мені кетті айдап,
…Жындыдай кейде, көшеде,
Келе ме деп қос арайлым,
Қараймын артқа тоқтай қап…
Сый болып талай қауымға,
Күй болып талай дауылға,
Жүргенмен алақандарда, –
Жетпейді екен ғой бірі,
Мейрімі туған бауырға!..
Қимастық сезім – қоңырау,
Көз жастың көлі – омырау…
Тағдырдың толқындарында
Осынша бізді сағынтып,
Сабылтып қойған өмір-ау!?
Қоздатқан талай түнек-мұң,
Жан сыры осы жүректің.
– Сіңбеспін сірə құмға мен,
Екпінім барда сеңдердей,
Сендердей барда тілекшім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу