Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  154


Автор: Ахмет Өмірзақов

Мен – тұтқын тіршілікке – қалыптасқан...

Мен – тұтқын тіршілікке – қалыптасқан,
Сезім жоқ баяғыдай алып қашқан.
Əуірі дауылды өрттей қайран жырды,
Қойдым-ау уызында жарытпастан.
Шақтардан – шұғылалы – қашық тұрмын,
Еңсемді тұрады ылғи басып бір мұң.
Қайран жан мойынсынбай бұлқынса да,
Тəн екен – тəннің аты,
Жасық шіркін!..
Жоғалтқан мен бір бейбақ өрісімді,
Əр күнім Қорқыт баба көрі-сынды.
Кеудемді соққылайды сорлы жүрек,
Көкпарға тəлкек болған бөрі-сынды.
Болғасын алай-дүлей Дауыл кетіп,
Кеткенге тон пішуге Қауым жетік!
Шындығың сөз бастаса,
Қыршаңқылар
Қанденін қоя беред шəуілдетіп!
Тектінің мəрттік болса сүйенері,
Тексіздер ит-пиғылдан жиі өледі.
Бөріде Тəңір барын білмей ме екен,
Күпсінген Көпектердің иелері?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу