Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  121


Автор: Ахмет Өмірзақов

Іздеме

Көңілімнің көгіндегі Ерке едің,
Өзің боп ең домбырамда шертерім.
Бүгін болса
Сезімімді «сен» деген,
Жүрегіме тұрмастай ғып жерледім.
Қыздың жаны –
Жаны екен ғой қасқырдың,
Қарамайтын көзде мейлі жас тұрсын.
Қалай ғана Үмітімнің Ақ Гүлін,
Көзің қиып аямастан тасқа ұрдың?…
Жыр арнасам мен ағымнан жарыла,
«Жағынба…» деп қорладың сен тағы да.
Неткен жан ең танымаған, білмеген,
Ер жігітті – жырдың туған бағына?!
Саған қарай талпынып ед қыр гүлі,
Қыршын кетті көктей жұлып жыр мұңы.
Осы əндегі жан сырымды кеш ұғып,
«Бақытсызбын…» деп жылама бір күні.
Өмір деген өткелі тұр, өткелі,
Бізді айырып екі жаққа кеткелі.
Енді саған оралмаймын,
Іздеме,
Кешірместей қып жібердің өйткені!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу