Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  245


Автор: Ахмет Өмірзақов

Курстас доспен қоштасу

…Білдім бүгін жалғанның жалғандығын,
Бір тілектің қиылып қалғандығын.
Ажал сенің қолыңа кісен салды-ау,
Өз еркімен тəрк етер жалғанды кім?..
Жаннан кетер қайғының мұзы қайтіп,
Жан жарыңның жылиды жүзі қайтіп?
…Енді екеуміз Пəниде сырласпаймыз,
Студенттік күндерден «қызық айтып».
Үлгі етсе де тағдырдың үйреткенін,
Жыр жылайды – шаттығын күйретсе мұң.
«Бір кезде мен жаныңда бар ем ғой…» деп,
Альбомымнан қарайды суреттерің.
Ол күндерден енді тек елес қалды,
Артымызда біз басқан белес қалды.
Өткен жағын өмірдің қайтару жоқ,
Жұлқысаң да жүз рет жер, аспанды!..
Өмір құнын білмейді аңсыз, надан,
Жігіт ең – жанды мұңға алғызбаған.
Тумай жатып тағдырдың соққысын жеп,
Жылап қалды-ау артыңда жалғыз балаң!..
Көзді жансыз бейнеңе тіреп тұрып,
Соны ойласам қалады жүрек тынып.
Əкесі бар балаға қараймын мен,
Ұзақ өмір ұлыңа тілеп тұрып…
Жүрген шақта «бағы енді жанады» деп,
Сені қалай ап кетті ана түнек?
…Қара жердің сұп-суық құшағына,
Қимай тұрмын өзіңді, Жанахмет!..
Еліткенмен арманың жарық Ай боп,
Бітпей қалды ертегің «бəрі бай…» боп.
…Мен де нүкте қояйын мына жырға,
«Досшыл жаның ұлыңа дарығай!» деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу