Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  81


Автор: Ахмет Өмірзақов

Қан қысымым көтерілген түңгі жыр

Жүрек жалғыз,
Қайғы – мың,
Қуаныш – мың,
Қан майданның отына туа түстім.
Қан көбейіп барады – У көбейіп,
Екпініндей есерсоқ, бұла күштің!
Көрінбейді ешбір зат көзіме сау,
Қызыл бəрі – лаулатқан сезім-алау.
Бір тамшысын төкпеп ем босқа мұның,
Енді міне, өз қаным – өзіме жау!
Жоқ, жау емес,
Бұл, бəлкім, алжасқаным,
Қаным менің – қаһарлы алдаспаным!
Мен түгілі,
Күннің де кей кездері –
Көрмеп пе едің қабағын қан басқанын?!
Жан жарым,
Бұл үшін Сен мұңға батпа,
Қайтер ең тағдыр Мені шындап атса?
...Ақиқаттың бейнесі ҚАНдай қызыл,
Көрінеді Ол тек қана сын сағатта!..
Тұрса болды жалғыз-ақ жүрек аман,
Дертіммен де жанымды түлете алам.
Лирикамды қан қызыл түске бояп,
Шақтарымды – шуақты – жыр ете алам!
Қаным менің – қайсар да қасіретті,
Ол туласа жанымды жасын етті.
Қан жетпеген жандарға Əн жеткізіп,
Түнек-мұңның төбесін басып өтті!
Қорықпа,
Менің қаным – Шындық қаны,
Шындықтан қорқады əлем сұмдықтары!
Қайсарлықтың ұстап тұр асқақ туын,
Көп төгілген Ақынның мұңлық қаны!..
Серт сақтаудан сол үшін бұлжытпаймыз,
Табанды сəл де кейін жылжытпаймыз.
Қапыда қанға, бəлкім, боялармыз,
Қанға бірақ ешқашан тұншықпаймыз!
Жалғанның ыстық қаны Біз болғанда,
Айналмайды тіршілік Мұз-қорғанға!
Қаннан шығып,
Қан қызыл жалын шашқан –
Ақындықтың рухы – Ізгі арманда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу