Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  134


Автор: Ахмет Өмірзақов

Өлім туралы өлең

Біреулерді бағындырса құлқыны,
Біреулерді сағындырса сылқымы;
Мен пəнидің көлеңкесін көп көріп,
Өлім жайлы өлең жазам бұл күні:
«Тасыр тірлік кезде бізге тас атқан,
Ол – құтқарар құдірет қой азаптан.
Өлімді ұлы сыйы деп мен танимын,
Бір Алланың – бізді жерде жасатқан.
Ел айтады, өліп жатқан көп дейді,
Біреу зауал, біреу оны кек дейді.
Ал, шынында –
Азап шеккен жандардың
Керек кезде Оған қолы жетпейді.
Бермейді оны кейде кекшіл жаулар да,
Таба алмайсың кейде құлап таудан да», –
Деп жүргенде Əзірейілмен кездескем,
Ұйықтап жатып, түн ортасы ауғанда.
Ағат болса қоярсыңдар кешіре,
Күлбілтелеп, күмілжиін несіне?
Көргенде Оны,
Жалған дүние тарқызған
Азап, бейнет түсті бірден есіме…
Сезіп жиі оралмасын бұл шақтың,
Көре сала оған бірден мұң шақтым:
– О, Əзеке, – дедім сонда,
– Аясаң,
Қане, алмас қылышыңмен бір шапқын!
Иығымда зіл жүгі бар түйенің,
Əр күн сайын қиянаттан күйемін.
Енді қайта сен келгенше бұл елге,
Күнге аяусыз қақталмай ма сүйегім?!…
Ел кезетін – күндіз демей, түн демей,
Қайран сабаз, қалды бір сəт үндемей.
Деді ол сонсоң:
– Жаратқанның əмірі,
Əлі біраз жасай тұрад кіл кедей!
Одан кейін ұғынып ал мынаны,
Мың жыл тұрған шөлмек бір күн сынады.
Бақи бетке ынтықпасын пенделер,
Жаспен жумай мойнындағы күнəні!..
Соны айтты да Ол кете барды бұрылып,
(Ал, ендеше айтқанының сырын ұқ!)
Жаналғыштай емес,
Маған бейне бір
Атам сынды ақыл айтқан тіріліп.
Демек, ұқпай мойындағы парызды,
Қасиеттен айрылғасын бар ізгі, —
Пенделерді бұл күндері Ажал да,
Таңдап қана құшатұғын тəрізді!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу