Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  126


Автор: Ахмет Өмірзақов

Мәңгі өлместе сөзің қалды

І
Өрлік жайлы əнімді айтып,
Жалғыздардың жанын жай ғып,
Қайта оралған Рухымды
Лаулатайын жалындай қып!
Үнсіздікті қаламайтын,
Мəрттігіңді бағалаймын.
Сенің қайсар жан -дүниеңнің
Сардарлығы маған айқын.
Көзімді алмас асқарымсың,
Тебірендірген дастанымсың.
Тасты жарып, тауда өскенсің,
Жұрт білгеннен басқа гүлсің.
Жасын құйып жас дарынға,
Жанғанда жыр аспанында,
Тағдырыңа тамсанғанды,
Дұшпаның да, достарың да!
Жанартаулы кескінсің бе,
Таудан көшкен көшкінсің бе?
Өзіңе де, сөзіңе де,
Келмеді əлі ешкімнің де!
Құшағында ақпандардың,
Жүріп- ақ сен шаттанғансың.
У құйылды ұйқысына,
Саған күйе жаққандардың!
Сен өйткені дерттенгенсің,
Тайсалмауға серт бергенсің.
Пасықтардың
Қурап тұрған
Орманына от бергенсің!
Оңбастай қып жуыр маңда,
Тозақ демі қуырғанда,
Ішмерездер отанының
Сен ең күлін суырған да!
Амал қанша, төзімдіге
Тіс қайрап мұң көз ілді ме?
Сен суырған Жеңіс күлі
Тұншықтырды өзіңді де...
Қайткенде де табам шынын,
Түсінем деп ағам мұңын,
Су сеуіп сол жауыз күлге,
Қол созды інің саған бүгін!..
ІІ
Мақтаулыны мақтамаймын,
Сөзді бөзбен қаптамаймын.
Сенің бағаң
Еншісінде
Басыңдағы бақ- талайдың.
Жанғандықтан жастан бағың,
Ұштың көкке, аспандадың.
Өзің соқтың,
Даңққа толы
Ақындықтың баспалдағын.
Үнсіз жүрген тұйық тұлға,
Айналмайды сүйікті ұлға.
Жырдың туын тіктің барып
Эвересттен биік шыңға!
Сенгенде ел жас періге,
Сендей саңлақ аш бөріге,
Жалғыз қарсы шаптың барып,
Құзғындардың əскеріне!
Құдай беріп саған күшті,
Құдай берген саған сұсты.
Қайран ақын,
Тексіздермен
Табақтас боп бағаң түсті...
Жұрт көңлінің сансыз қарын,
Күреймін деп аңсыз қалдың...
Бірақ бəрі сен жағында,
Мен сияқты Жалғыздардың!
Тұсау салмай төзімге енді,
Шатырлайтын кезің келді.
Ар Семсерін сілтер болсаң,
Жалқы емессің, көзің көрді!
Буды бекем белін жырың,
Тағы көктен көрін, күнім!
Қайта оралды Ақыным, деп
Қол соғып тұр елің бүгін!
Ардың сүрткен көзін қанды,
Мəңгі өлместе сөзің қалды.
Бұл ғасырда таппайды ешкім,
Сендей сыры тосын жанды!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу