Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  134


Автор: Ахмет Өмірзақов

Отырарды еске алу немесе шынның жүзі

Жан-жүрегін өртер болса мəңгілік бір өкініш,
Қан жылатып кеткен күнге кім жасайды шегініс?
Отырарым еске түссе,
Тағдырына налалы
Көз алдымда күл болады Берілмеген Бекініс!..
Тағылыққа бас игеннен жоқ болуды жөн көрген,
Қайран Шаһар,
Қандай ауыр қасіреттер – Сен көрген?!
Деректерің – керектерің өзіңмен бір жоғалды,
Не сұраймын үнсіз мынау обалар мен дөңдерден?
Көріп тұрып тағдырдың бұл тоқтау білмес құйынын,
Мен білемін елестерден сыр табудың қиынын.
От жалмаған қайталанбас Кітапханаңмен бірге
Үштен бірі кетті өртеніп Адамзаттың Миының!…
«Жазылмайтын жан жарасы, көзде тұрған күйік бұл»,
Сенің сырың – жалғыз ауыз осы сөзге сиып тұр.
Тəнің жермен жексен болды,
Бірақ қайсар Рухың –
Сені өртеген Шыңғыс ханнан əлдеқайда биік тұр!
Ел деп соққан жүрек еді – Қайырханның наласы,
Қалай ғана ұмытты оны Ұлы Өлкенің баласы?!
Кешіре гөр ұрпағыңды, Ардай Биік Асылым,
Лап еткені үшін тағы Тексіздіктің жаласы!
Темужчинді тəңір тұтқан парасаты пəс қауым,
Біле ме екен өз негізі қайдан алды бастауын?
Қайдан пайда болады екен өшпенділік сезімі –
Өз тарихын мансұқ ету – мұқатқандай қас жауын?!
Қанша қала бұл далада көз қуантып, көрім боп,
Гүлдеп тұрып кетті ақыры қиянаттан қорым боп...
Отырардың қан тамырын қиғаны үшін
Ешқашан –
Адамдықтың құрметінен Шыңғыс ханға орын жоқ!
Тағдырының алдында сəл болғанымен жазалы,
Солғын тартып көрген емес Ұлылықтың ажары!
Ел мен Жердің киесіндей Отырардың өрлігі –
Тирандарға ғашық болған атақ-даңқтың ажалы!
Қайғың кейде саналғанмен ерлігіңнің нарқы боп,
Өз Жадыңды сыйламаудың – айуандықтан парқы жоқ!
Ұлы Дала перзенті үшін Отырарын ұмыту –
Арсыздықтың кеткені бұл ақыл-ойды тəркілеп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу