Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  126


Автор: Ахмет Өмірзақов

Бекежанның көз жасы

Керек емес мына жырға «сөз басы».
«Ақиқаттың,– десек те, – анық тозбасы»,
Бақи жаққа бетін бұрып кеткелі,
Тиылмай тұр Бекежанның көз жасы…
Əр күн сайын «жасампаздар» мақталып,
Əр күн сайын шындық отқа қақталып;
Əр күн сайын жатыр Ұлттың намысы,
Тексіздіктің табанында тапталып.
Шыңыраудан ұмтылғандай жарыққа,
Ұмтылсақ та жүректегі Аныққа, –
Шамырқанған бір шындықтың дауысы,
Əлі күнге жетпей жатыр халыққа!
...Кинозалда «гəккулесе» Қыз Жібек,
Жас пен кəрі көзін алмай үздігед!
Білмейді елім,
Өлі аруағын біреудің
Бір Қиянат жатқандығын сүзгілеп!…
«Төлегеннің кімнен келді ажалы?»
Жауабы оның талай көрді қазады:
«Кескентерек – қарақшының күнəсін,
Бекежанға аударғандар – жазалы!»
Деп жүрмеңіз «өлгендерге кектенді»,
Шынның шаңын сүртетін шақ жетті енді!
Жан шошиды мұрағатты ақтарсаң,
Білгің келіп сыры жұмбақ өткенді.
Опазыздық, нəмəрттіктің жаңасы –
Қағаздағы таңбалардың жаласы!
Бекежанды оққа байлап жіберген –
Шайқыіслəмнің кітап сатқан баласы!
Жүсіпбек-дүр сол нəлеттің есімі,
Біл, ағайын,
Ұғып дұрыс, осыны:
Əлі күнге əлек салып келеді,
Түбі шикі кесапаттың кесімі!
Сол Жүсіпбек – көріп тұрып «көрмеген»,
Босағаны ауыстырған төрменен.
Сол Жүсіпбек –
Безбүйрегі бүлк етпей,
Жыр – «Жібекті» қалауынша өңдеген.
Сол Жүсіпбек –
Жалғандықтан қашпаған,
Ақ қағазға ақиқатты баспаған.
Отқа тығып Бекежанның аруағын,
Руласын жырдан сызып тастаған!
Жүргендерге – қарғыс атқан сол ізбен,
Тағдырлары Қайғы емшегің емізген!
Талайлардың жаңқа болды ғұмыры,
Кемелердей қирап қайтқан теңізден…
Ақиқатты айт жүрегіңде түк болса,
Бақыт па екен – елге есерлік құп болса?
Жеңіл ме екен жүрексіздің кесірі,
«Қырық есек, бір қашырға жүк» болса?!
Жаратқанның ескерткені аз ба əлі?
Қиын… бұны оқталғанда жазғалы:
Бекежанды «сомдаймын» деп Асекең4,
Бұл дүниеден безіп кете жаздады…
Қостаймын деп өлеңшіні – ұятсыз,
Қобыздайын қурап сынған, қияқсыз;
Біле тұра бүгіп қалып шындықты,
Мүсірепов қала жаздад… тұяқсыз.
Нақақ күйген Ар – қала ма тектен тек,
Көгертпейді Ол көзсіздерді көктем боп!
Жазықсызды зұлым қылған Сұлтекең6,
Арманының ширегіне жеткен жоқ!..
Шындық шындап алар болса қыспаққа,
Құның қалмас өзің туған қыстаққа!..
Бекежанды құзғындарға жем қылған,
Атабаев шықты қандай ұшпаққа?…
Міне, осылай бір-бірімен алмасып,
Залым пікір келе жатыр жалғасып.
– Қашанғы енді көмілеміз құдыққа,
Ей, Ақиқат,
Жетер енді, алға шық!
Патша да ұстап тұра алмайтын уыста,
Шындықты кім тығып жүрген қуысқа?
Қалай ғана көз салады Бекежан,
Бес атадан қосылатын туысқа?8
Мына жалған дүниеде – аз-ақ күн,
Тіпті, шегі болмаушы ма ед мазақтың?
Қандас, жандас үйірлеске шаппаған,
Жылқысы да текті еді ғой қазақтың!
Əттең… оны ескеріп жүр кім бүгін,
Қиянат тұр ішке бүгіп сұмдығын.
Жалғандықтан шəрбат ішкен ұрпаққа,
Зəрдей – менің шырық бұзар шындығым!
Кейбіреуге көрінгенмен тосын жай,
Біз аңғарған бір қасірет осындай.
Өмір бойы өтпеу үшін өкініп,
Айтар кезде айту керек тосылмай!
Шежіреңді шайтан алса иелеп,
Қалды дей бер Атан-Шындық үйелеп!
…Домбырадан қалам тартып алған жыр,
Келеді əлі елдің жадын күйелеп!..
Қанша дəмін татсақ-дағы бұл удың,
Реті жоқ енді үнсіз тұрудың!
Қара жерге көму, сірə, мүмкін бе,
Һақтың Нұры – Ақиқаттың Рухын???!
Болған істі біле-білсек байыптай,
Бұл бір тарих – ескегі жоқ қайықтай.
– Елдің ары арылмайды дақтардан,
Бекежандар көз жасынан айықпай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу