Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  124


Автор: Ахмет Өмірзақов

Көтібарды ояту

Көкірекке бір запыран ұялап,
Сезімдерім таппай қойды тиянақ.
Қаншама жыл жанымды жеп келеді,
Босағада байсыз туған Қиянат!…
Сөзін айтты демеңіздер күпірдің,
Тіл сыйлаған Жаратқанға шүкірмін!
Мен –
Тек қана жалғаншыға жағынған
Шайырлардың шатпағына түкірдім!
Қалдырсаң да дауыл-даудың өтіне,
Тура айтамын һəм қоймаймын өкіне:
«Айман-Шолпан»2 –
Жұрт тамсантқан жыр емес,
Жаққан күйе ол – батырлықтың бетіне!..
Тəрк еткенде көкіректі асқақ Ар,
Қиянаттың жолы осылай басталар:
Əл бермеген аруақты ерге өшігіп,
Əлібекті3 ойлап тапты «қасқалар»!…
Болғанымен басқалардан бағы асқан,
Батыр жайлы жырдың көбі шатасқан.
Айыра алмай ақ-қарасын аңыздың,
Əуезов4 те жоққа сеніп адасқан…
Əлі күнге жалған жырдың атағы,
Тақтан түспей
Жаныма дерт батады:
Қазақ сорлы егіз қызды болғанда –
Айман, Шолпан деп ат қойып жатады!…
Қаперге алмай асыл сөзді – аталы,
Кеуде керіп, Елміз! – дейсің баталы.
– Ей, ағайын,
Қашан биік болып ед,
Батырлардан қатындардың атағы?!
Арға шабу – əділдікке жатпаса,
Батыр біткен беруші ме ед от баса?
Тумай туа шөгер еді Көтібар,
Басынғанды тура бастан шаппаса!
Аялауға Ақиқаттың Ақ Таңы
Асыққанда –
Арыңды емдер тап дəрі!
Тасырлыққа төр бергеннен емес пе,
Жігерліңнің жолы болмай жатқаны?!
– Ай, Көтеке,
Аңғал ерім Көтібар,
Тұлпарсың Сен – бұқа емессің өті бар!
КӨТІБАР деп есім берген атаңның,
Жүрегінде жанартаудай Оты бар!
Аңыз қылған Аспан – Жердің арасын,
Атыңмен де, Затыңмен де дарасың!
Көті жоқтар от басында омалса,
КӨТІ БАР! – боп көз жетпеске барасың!
Асып туған, асыл затты – Өр, Текті,
Бабаң сенің – еңкеймеген Ер Шекті!
Тұр қанеки, тұлпарыңа қайта мін,
Жыртып-жыртып жұрт тоқыған «ертекті»!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу