Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  271


Автор: Ахмет Өмірзақов

Жанқожа батыр дастаны

ЕЙ, ЖАНҚОЖА БАТЫРЫМ!
Айырмай қолды Ақиқат деген Ақ Тудан,
Еренім едің –
«Ел үшін келдім өмірге, Ел үшін өлем!» деп туған.
Сен батыр болсаң намыстың құлы,
Мен – ақын,
Жалғандықтардан жай таппай жаны – жоқ қуған!
Тағдыр-талайың, еске алған шақта, тұрса да жанға
мұң құйып,
Жаралы мынау тарихымдағы орының сенің тым биік!
ЖАМПОЗЫМ МЕНІҢ,
Нар тұлғаң жайлы айта алсам егер айтудай,
Жоқ жерден «батыр жасағыштардың» аузына –
Кетер едім-ау құм құйып!
Тарихта аты танылмаса да «рулы елге ұран» боп,
Əр ауыл бір-бір Жанқожа тапса – туысына оның күмəн көп.
Қабанбайлар мен Бөгенбайлардай дəріптелмей жатса
есімің,
АРДАҒЫМ,
Сенің ондайға титтей кінəң жоқ!
Сен ешбір ханға басыңды имей емен боп өткен батырсың,
Халқының мұңы көкірегіне шемен боп өткен батырсың!
Азуын айға білеген анау Ақ Патшадан да қаймықпай,
Алланың берген мəрт мінезіне кенен боп өткен батырсың!
Аруақты ер ең – алдыңа келген кісіні сұсың басатын,
Майданға шықсаң – жасанып келген жауыңның құты
қашатын.
Көргенде сені – лəшкері сарттың тығылатұғын жер таппай,
Казак-орыстар қамалдарынан шыға алмай сыртқа, сасатын!
Ерлігің Сенің тұратын дəйім жігерін елдің жасытпай,
Өрлігің Сенің ақын біткеннің жырына мəңгі азықтай!
Қазақтың кегі қайтқан күн сірə бар ма екен,
Бабажан сарттың құйрығына сенің бұйрығың қаққан
қазықтай!!?
Қара халықты құтқарамын деп қорлықтарынан жат елдің,
Басыңды талай ойланбастан-ақ отына тіктің қатердің.
Күл-талқан қылып Кенесарының күші келмеген Созақты,
Абылай ханның ұрпағын қырған Қоқаннан кекті əпердің!
Батырлық түгіл билік айтқанда орының сенің төр еді,
Жазықты жанға жаза кескенде өнегең еді – өрелі.
Пасықтығы үшін айбалта сілтеп Қылышбай ханның
басына,
Жасықтығы үшін жаяу айдадың Жанғазы сынды төрені.
Ескертер едің би-шешендерге: «Кісі ақысынан қорық!» деп,
«Би қарау болса – басқаларға не жорық?» деп.
Өзгелер еккен арпа-бидайдан түйір дəн салмай аузыңа,
Өзегіңді ылғи жалғаушы едің құмаршақ дəнін теріп кеп.
Жаужүректікті берсе де құдай басыңнан ұшпас бақ қылып,
Жаныңа сенің тəн емес еді аяуды білмес қаттылық.
Қандасыңның кегін қайтарғаныңда – қанынан ұрттап
жауыңның,
«Кектесемін деп қас дұшпаныма, жасадым, – депсің, –
жат қылық...»
Адалдық сынға түскен бір шақта ашудың баспай көрігін,
Жалған намысқа желіккендердің қағатын едің желігін:
Ақылыңды алмай арандатқанда ел менен елдің арасын,
Теріс бата беріп Туысыңа да,
Өңгеріліп атқа келгенде Ол,
Ара ағайынға,
Үш Жүздің Пірі Мүсірəлінің ұрпағы –
Сəйеке ишан келгенше,
Көмдірмей қойдың өлігін!..
Осының бəрі өзіңе əттең… жақсылық болып қайтпады,
Қайтсын деп те оны тасбауыр тағдыр айтпады.
Не деген қиын,
Бір кезде өзің қорғаны болған қандастың,
Өзегіңе теуіп, өзіңді келіп атқаны…
Аңғал ерім-ай, бойыңа неге күдікті сонша жат қылдың,
Ақ көңіл ең-ау, десең де қанша опасыздарға қатқылмын.
Сонау бір шақта кəллəсін қағып тастағаныңда, шіркін-ай,
Бассыз кеудесі нетер ед саған Елікей атты сатқынның?! 6
«Жазмыш-парақта не жазылса да мен соған анық бейілмін»,
Дегеніңменен құрбаны болдың тексіз бір тобыр-пейілдің.
…Қатындықтан басқа не келуші қолынан,
Тумысы бастан арамзалыққа табынып өскен, бейшара,
Ақсақал менен Сейілдің?..7
Сарбаздарыңның салған ұраны «Бақтыбай!» болып,
«Дөйт!» боп,
Селт етпей жүрек қан майдандарға кеткенде талай
қойып кеп, –
Сескенбеуші едің өзіңе қарай тура сілтеген семсерден:
– Арманым жоқ, – деп, – Соғыста кетсем шейіт боп!..
Амал не, бірақ, тілекті құдай бермеді,
Шараң бар қандай ажалды пенде жалғанның болса ермегі?!
…Ту сыртынан кеп қадалар қанжар өз отанында қайралып,
Қапыда кету – Хас Батырлардың тағдырдан татар кермегі.
…Тар кезең туып, қалғанда жалғыз – қол салғанда ажал
алқымға,
Батырлығыңның түсірмей құнын, бұзбадың сынын,
нарқын да.
Құранға балқып отырған кезде –
Қазасы жеткен Хазіреті Ғали сияқты,
Қарсы алдың сен де ажалды,
Намазыңды үзбей,
Жүзіңді,
Құбылаға берген қалпыңда!..
Жақын келе алмай, нəмəртікпенен алыстан атып дұшпаның,
Қорланды қатты көре алмай сенің кеудеңнің құмды
құшқанын.
Жаныңа сауға сұрамай,
Қорғасын оқтан құламай –
Пəниден өтіп бара жатып та сонда Сен,
Еңсеңді биік ұстадың!
Рухына елдің Екіжүзділер етпеуі үшін Иелік,
Соңғы рет шыққан Биігіңді де ұрпақтарыңа Кие ғып, –
Теңселтпей бір сəт нарларға бітер тұлғаны,
Арманға толы асқақ кеудені керіп бір,
Ең соңғы демді алдың да,
Туған далаңа қимай бір көзді салдың да,
«Ел аман аман болсын,
Жер аман болсын…» деп іштей,
Ақырын ғана қыран қабағың жанарыңды жапқан қалпыңда,
Дауқара шөлде – құмды төбенің басында –
Мəңгілік қалдың Шолақ найзаңа сүйеніп!..
Тоқтадың солай,
Өзіңмен бірге тарихтың жауып бір бетін,
Бейдауа дүние айналса теріс – күш бар ма оны іркетін?!
Қысқа бір күнде қырық құбылған жалғанда мынау, бірақта
Өзіңдей жан аз риясыз көрген Һақ Жаратқанның үрметін!
Қасіретті сол шақ қалғанда артта, атқанда қайта Таң Ізгі,
Өнегең жырға айналды–дағы таңдайға нəрін тамызды:
«Жұртым» деп аттан түспеген анау арпалыс толы
шақтарың,
Жүрегінде елдің жырлатып жатты Шындықтан биік
Аңызды!
«Жанқожа!» десе құйындай соғып толғаныс келді жырауға,
Күңіренді күйлер, домбыра түссе «Жанқожа!» деген
бұрауға.
«Жанқожа!» деген ұранмен жауға ұмтылған ердің бəрі де:
«Хақым жоқ, – деді, – құлауға!»
«Жанқожа!» десе қуатты бір үн дүр сілкіндіріп сан қырды,
«Жанқожа!» десе селт етіп бір сəт жасыққа тіпті жан кірді.
«Ер Жəкем!» деген тайсалмас елдің Ер Ұландарын
көргенде,
Дұшпанның басы қаңғырды!
Жан-тəніменен, жүрек қанымен, маңдайдан аққан терімен,
Біртұтас болып, ажырамастай бірігіп кеткен елімен;
Кім көрген, сірə, Өзіңдей Ерді –
Өлгеннен соң да қол бастап,
Есімінің өзі түспеген тұлпар белінен!!!
«Тірі күнінде қастасқан жауға жайрата сілтеп жарақты,
Дауылдап өткен даланың соңғы батыры» деген, қанатты
Сөздермен өріп, сен жайлы ойын, тебіренгенде Аничков,9
Еуроазияның аспанында атың қырандай самғап баратты!
Сол шақтан бері –
Рух боп Асқақ, ұрпаққа талай үн қатқан,
Сен тігіп кеткен Мəрттіктің Туын көреміз дəйім
Шың жақтан.
Ұлтының нұрлы Жан-Бесігінде тербелген мəңгі Алыпсың,
Даңқыңды енді ешкім де келіп қозғалта алмас бұл Тақтан!
P.S.
…Заманда небір көтере біліп Дəуірдің жүгін – зіл батпан,
Тарих Патшаға жасқанбай қарап, аспандай қарап тіл
қатқан,
Қазақтай мынау ғажайып елден айналып кетсең болмай ма,
ЖАНҚОЖА сынды ұл тапқан!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу