Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  113


Автор: Ахмет Өмірзақов

Қазақ мерейі

Сана жеткен өлшемнен де биік біздің өреміз,
Қайғы менен қуанышты көптен бұрын көреміз.
Таудың биік, Судың терең, Жердің жазық екенін,
Тылсым Қазақ Болмысында танытумен келеміз.
Ұлы Ақиқат ақыр бір күн ту тігеді – сенеміз,
Сонда – əлемдік даналықтың қасиетті жемісін –
АРИСТОТЕЛЬ, ƏЛ-ФАРАБИ деп екіге бөлеміз!
Сөз патшасы Абай болып дүр сілкінттім санамды,
Жыр тəңірі Жамбыл болып бір сілкінттім ғаламды.
Күй атасы Құрманғазы саз тудырып теңдессіз,
Күш атасы Қажымұқан беттетпей бір адамды,
Асқақ сөзім Əуезов боп алты əлемге таралды.
Қайсар тұлғам Бауыржан боп биіктетті даламды,
Ғалым бейнем Қаныш болып күн қасына бара алды,
Əсем əнім Əміре боп көкте қалқып жүр мəңгі,
Осыларға қарап дүние өзі берсін бағамды!
Ақиқатты айбынбастан Ақын ғана айта алар,
Айта алғанда, бүкіл Адам – Заттың жаны жай табар.
Сонда – зұлым замандарда қасиетті Тарихтың
Жоғалтқанын Сүлейменов, Шахановтар қайтарар!
Кезі келіп жалғандықтың жолы – дағы байланар,
Байланар да – АДАМ менен ҚАЗАҚ сөзі ӨЗАРА
МƏНДЕС СӨЗге айналар!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу