Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  134


Автор: Ахмет Өмірзақов

Өрлік толғауы. 1986 жылғы желтоқсан қаһармандарына

Ел жоқ, сірə, қасіреттің тұғырына қонбаған,
Халық та жоқ қайғы-мұңның қаңтарында тоңбаған.
Бірақ…
АДАМ мен ХАУАның ұрпағының ішінде
ҚАЗАҚ ұлты шеккен азап – басқасында болмаған!..
Иə, БІЗДЕР –
Тəңірі – Көк, Күннен – Гүннен таралған,
Ұрпақтармыз – Жер жүзіне Нұр шашуға жаралған!
Күркіреген сонау Гүн мен бұл Қазақтың арасы –
Зұлымдық пен Əділдіктің қан майданы – əр алуан!...
…Əлі күнге шықпай жатқан Тарих атты қатпардан,
Сан мыңдаған сыз – жылдардың құшағында таттанған;
Ерліктері – ЕуроАзия есінде əлі сақталған,
Өрліктері – Геродоттың жазбасында хатталған,
Дандайсыған Кирдің басын Өз жерінде ап қалған,
«Жеңілмейтін Ескендірдің» жынын қағып шаттанған,
Біз – Асылдың сынығымыз, қалған Ұлы Сақтардан!!!
Мəңгі мекен – ен Далада жасау үшін жүріп кең,
Талай – талай қан майданда арпалысқан бүлікпен,
БҮТІНДІГІН сақтау үшін тастүйін боп біріккен,
Жер сілкінткен қаһарынан сансыз Шүршіт үріккен,
Біз – Ұшқынбыз өшпей қалған, Ұлы қаған Түріктен!
Қатыгез ой айдап салған дию – сынды жын құсқан,
Уақыт, Заман – əділетсіз үкім айтып мың тұстан;
Гүн, Сақ жəне Түріктердің шақта – айбары құм құшқан,
Қыпшақ болып қайта туып – бабам жаумен қырқысқан.
Сол Қыпшақты қапылыста қиратқанмен Шыңғыс хан,
Асқақ Рухын жоғалтқан жоқ Ата жұртым – Түркістан!
…Гүн, Сақ,Түрік, Қыпшақ – бəрі, о бастан-ақ азат боп,
Туылған-ды – Зұлымдықты қирататын жасақ боп.
Дəл солардың Ер Ұрпағы – Он Бесінші Ғасырда –
Шықты тарих сахнасына қайсар халық ҚАЗАҚ боп!
Ол да алайда, тірлік кешті бабалардай бұрынғы,
Оның-дағы дұшпандары болып шықты жырынды:
Қытай, Жоңғар, Ресейдің соққысына ұрынды,
Кең даласын қорғаймын деп «мың өліп, мың тірілді»…
Бірақ, асқақ болашаққа бастап барар жолдарда,
Дауа бар ма мəрт халықтың жолын құдай оңғарса?!
Сонау Түрік дəуірінде Жужандардай – жер жұтқан,
Жоқ боп кетті қазақтың ең қас дұшпаны Жоңғар да!
Дегенменен, «дауыл соқса емен басы иілген»,
Шарасыз ел жұдырығы жең ішінде түйілген...
Əбілқайыр, Абылайлар кетті арманда өмірден,
Елін көріп – бодандықтың қамыты нық киілген...
Жат жұрттықтан тазартам деп əрбір сүйем-қарысты,
Кенесары, Наурызбайлар арыстандай алысты.
Сырымға ерген қалың қауым оққа қарсы барыс-ты;
Еркіндікке ұмтылған ел Өздеріне Бас қылды –
Исатайдай, Махамбеттей, Жанқожадай арысты!
Сүйегіміз шашылса да бір, он емес Жүз белде,
Бабалардың ерлік салтын ұмытпадық Біздер де.
Жауынгерлік рухымыз желбіреді биікте,
Дəуір – Кеме сан дауылды теңіздермен жүзгенде!
…Көкіректі күйдіргенде шемен болған күй налып,
Жатқан кезде ел – Патшаның езгісінде қиналып;
«Ұлы Қазан Төңкерісі» тумай жатып,
қиратқан –
Россия тас бұғауын Аманкелді Иманов!
Дəл содан соң Жетпіс Жылдай уақыт салып араға,
Ерлік туын қайта тігіп ұланғайыр Далаға, –
ЭС-ЭС-ЭС-ЭР-дің –
Əлемдегі империяның ең соңғы,
Жаназасын шығардыңдар Алматыдай қалада!
– Жаназасын шығардыңдар, Желтоқсаншыл Ерлерім!
Əрбірі – бір Қаһарман боп жаратылған Өрлерім!
Ату, асу, азаптауға Рухыңды бермедің,
Отқа жағып, мұзға салып қатырса да өлмедің,
Жаны – жалын, тəні – құрыш, Желтоқсаншыл Ерлерім!
Əрбірі – бір Қаһарман боп жаратылған Өрлерім!
Жасап өткен ай-жылдарда, бізден бұрын – мыңдаған,
Саған риза – Тəңірі – Көк, Рухы – От Гүн бабаң!
Асқақтығын иығынан бас кетсе де сақтаған,
Саған риза – сұрапылдың сұрапылы – Сақ бабаң!
Ұрпағының жанын, тəнін шыңдап кеткен Өр қылып,
Саған риза – Ақын бабаң, Батыр бабаң – Ер Түрік!
Сескенбеген сан ажалдың қақпанынан құрулы,
Саған риза — Қыпшақ атты Қайсар бабаң рухы!
Жасымаған тартса да сан тəуелділік азабын,
Саған риза – Желтоқсанмен қайта туған Қазағың!
Жаса!
Жаса! –
Желтоқсанның Батыр Қаһармандары,
Ақиқаттың, Əділеттің батыл шабармандары!
Жаса!
Жаса! –
Азаттықтың туын көкке көтеріп,
Қазағымның адамзаттан адал бата алғандары!
Сендерсіңдер –
Дүлейліктің топан суын тоқтатқан,
Зұлымдыққа қақ маңдайдан жарып өтер оқты атқан!
Сендерсіңдер –
Күдіктердің Тас Қамалын қиратып,
Өз ұлтының жүрегіне мəңгі сөнбес От жаққан!
Сол жанған От өшпейді енді – Зұлым заман келмейді,
Сол жанған От өшпейді енді – төбемнен бұлт төнбейді!
Сол жанған От өшпейді енді – езілмейді жан-тəнім,
Ерлік, Елдік қасиетім – Құдіретім өлмейді!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу