Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  183


Автор: Құралай Омар

Шегi жоқ шығар...

Шегi жоқ шығар,
Түбi жоқ шығар арманның?!
Жетем бе десем, барады тағы тереңдеп.
Сонымен ғана жұбандым және алдандым,
Тәттiнi көрген сәбиге ұқсап, елеңдеп.
Балынан гөрi уын көп таттым жалғанның,
Соңынан жырдың ерем деп.
Өмiр дегенiң ойыңда ғана сүйкiмдi,
Жалықтырады жаттанды болған iс пен құн.
Көзiмдi жұмбай өткiзем ұзақ кей түндi,
Мағына таппай үзiлген, қысқа түстен мың.
Жұтып ем, өртеп, ұрлады күлкi, ұйқымды
Кешегi Абай iшкен мұң.
Өткiншi тiрлiк шығармай iзден, тұйықтан,
Қамаған кезде бас қайғы болар жан қайғы.
Еңсенi езген ауырды сiлкiп иықтан,
Демейдi дағы, үмiт пен арман самғайды.
Бiлмеймiн бiрақ, тамсандыратын, ұйытқан
Қиялдың дәмi қандай-ды?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу