Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  147


Автор: Ғалым Жайлыбай

Ақерке

Ақерке!
ән есімдей,
күй есімдей,
Көңілде самал қалды жиі есілмей,
Ақерке – Ән ішінде аққу шығар –
Игілік Омаровтың киесіндей.
Боздаған қобызының қыл ішегі,
Үні де алтын еді,
күміс еді.
...Мен көрген ағалардың асылы еді –
Мен көрген әншілердің ірісі еді.
Қаққанда ән қанатын,
Жыр қанатын,
Тулаған толқынымыз бірге ағатын.
Базары тарқамайтын Түгіскеннің
Ажары «Ақеркемен» нұрланатын.
Ән тербеп аспанда ай мен
көкте күнін,
Көгерткен көсегесін көктемінің.
Талантты бір шәкірті өзім едім –
Игілік Омаровтың мектебінің.
Өрге озсаң өркен жайған өрісі елі,
Ел іші – өнерінің кеніші еді.
Жаз-ғұмыр жазиралы Жаңаарқаның –
Байрағын желбіреткен «Жеңіс» елі.
Қарасақ оңымызға
Солымызға,
Созылған соқпақ қалды соңымызда.
Икеңнің «Ақеркесі» ақ самала –
Жарығын шашатұғын жолымызға.
Қонса да басымызға бақ ертелеп,
Келеміз сол ауылға әлі еркелеп.
Ағаның әруағын аялап бір –
Ат қойдым немереме «Ақерке» деп.
Тұма боп тұнығыма тұнған үнің,
Таланттың таниды елі шын қадірін.
Үзілтіп,
үзілдіріп,
үздіктіріп –
Көшірдім «Ақеркені» жырға бүгін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу