Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  131


Автор: Назира Бердалы

Ән

Тағы да...шіркін жүрек шымыр етті...
Темір емес, өйткені, ол жұмыр ет-ті!
Кім екен Мәжнүннен де асқан ғашық,
Ойлап тапқан ӘН деген құдыретті?
Ғаламда, тұнған ғажап сырға мына,
Құлақ түрген бәрі оның ырғағына.
Жай күндер екен менің бар күндерім,
Мән бермеген Мұхтардың жырларына...
Ұшырып әкететін елге бөтен,
Әнді мен қалай ессіз ермек етем?!
...Өзіңді кездестірген күнге дейін,
Мейрамбекті түсінбей келген екем...
Хаттарды, арамызды жалғастырар,
Сәттерді... арадағы... қанбас құмар,
Алматыға жауғанын алғашқы қар,
Осы әнді тыңдағанда еске алармыз.
Аңсатып оңаша бір кештер керім,
Сағынтып Сарыарқаның ескен желі,
Астанаға көктемнің кеш келгенін
Осы әнді тыңдағанда еске алармыз...
Сарылтқан күз де жетер – сары ала жыр...
Сенделген жалқы үмітім жағада жүр.
Тәуекелдің теңізін кешсем деген,
Етсем деген жолында жанды құрбан,
Жаралған қос мұңлықтың тағдырынан,
Әлемді миллион ән аралап жүр...
“Беу, айдай!
Бес күн – жалған,
Дүние – арман” :
Анамның бесік тербеп айтқан әні...
Халқымның қайғысы мен қуанышы,
Махаббаты, сенімі, жұбанышы,
Мұң тұнған әндерінде сақталады.
Беу, айдай!
Бес күн – жалған,
Дүние – жыр!
Жырлай біл, сүйсіне біл, сүйіне біл!!!
...Екеуміз – миллионның бірі ғана,
Бұл ӘНнің тарихы да - миллион жыл...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу