Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  112


Автор: Назира Бердалы

Көктемнің исі сезілді...

Көктемнің исі сезілді,
Көктемнің исі ғаламат!
Бұлақтар күліп барады,
Бұрынғы сайды сағалап.
Бұталар бүрін жарады,
Аппақ гүл!
Түгел қалам ақ!
Қолына кетер ақын да,
Ақын емес те қалам ап...
Көктемнің үні тым сазды,
Көктемнің лебі ғаламат!
Көктемді шырқап отырған,
Құстарды, әне, қарашы!
Шуағын төккен Күн қандай!
Шаттыққа толған шарасы.
Жаңбырмен таза жуғандай,
Айналам толған жарасым.
Түлеткен көктем,
Адам мен жануар баласын,
Аспан мен жердің арасын,
Жүректен, көктем,
Асыр сап, сен сыртқа шығып
барасың!
Әнебір гүлдер, мөлдіреп
Үзілмесе екен сабақтан...
Көңілге көктем келді деп,
Кетсе екен кірбің қабақтан.
Жер-Ана төсі елжіреп,
Мейірімін бізге таратқан
ЖАРАТҚАН, сірә, әлемді
Көктемде ғана жаратқан!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу