Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  112


Автор: Назира Бердалы

Үнсіз түн.

Үнсіз түн.
Үнсіз телефон.
Тек сыртта жаңбыр, тырсылы – ем...
Жаңбырдың тілін ұғар кім?
...Үнсіздігімде күрсінем.
Мен дертті болған шығармын...
Үнсіздігіңді түйсінем,
Түйсігімменен, тілі шықпаған баладай...
Әлемнен бұрын Сөз жаралғанына қарамай.
Ерні кезерген далаға кәусар төгетін,
Жауында мынау тіл бар ма?
Құста тіл бар ма, айдынын аңсап келетін?
Қарыңда, қарда, тіл бар ма?
Желде тіл бар ма, жапырақтарды оятқан?
Селде тіл бар ма?!
Отта тіл бар ма – тілсіз жау...
...Сенде тіл бар ма?
Менде тіл бар ма?
Үнсіздігіме түн сіңді-ау...
«Көзбен көр» деген,
«Ішпен біл» деген
Абайдың сөзі...
Тылсым түн...
Сенде тіл бар ма?
Менде тіл бар ма?
Не деген үнсіз...үнсіз түн...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу